Бас мәзір

 

ipo rus

 

conru

 

tirek

icon-41072 640_mini

Атаулы әлеуметтік көмек

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтiк көмек туралы

Атаулы әлеуметтiк көмек – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлiк шегiнен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекеттен ақшалай нысанда берiлетiн төлем.

Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтiк жағдайына байланысты, көмек екi түрге бөлiнедi: шартсыз және шартты.

Шартсыз ақшалай көмек — жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкiндiгi шектеулi күнкөрiсi төмен адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер түрiнде көрсетiлетiн атаулы әлеуметтiк көмек түрi. Ол «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгiленген зейнеткерлiк жасқа толуына, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектiгiне, екi айдан астам еңбекке уақытша қабiлетсiздiгi, мерзiмi белгiленуi мүмкiн ауруының болуына байланысты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкiндiгi шектеулi жалғызiлiктi және (немесе) жалғыз тұратын күнкөрiсi төмен адамдарға, сондай-ақ құрамында еңбекке қабiлеттi адамдары жоқ немесе жалғыз еңбекке қабiлеттi мүшесi жетi жасқа дейiнгi балаға, мүгедек балаға, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедекке, бөгде адамның күтiмiне және көмегiне мұқтаж қартқа күтiмдi жүзеге асыратын табысы аз отбасыларға көрсетiледi.

Шартты ақшалай көмек — жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтiк бейiмдеу шараларына мiндеттi түрде қатысу шартымен ай сайынғы немесе бiржолғы ақшалай төлем түрiнде аз қамтылған адамдарға (отбасыларға) көрсетiлетiн атаулы әлеуметтiк көмек түрi. Ол жалғызiлiктi және (немесе) жалғыз тұратын еңбекке қабiлеттi табысы аз адамдарға, сондай-ақ өзiнiң құрамында еңбекке қабiлеттi мүшесi (мүшелерi) бар күнкөрiсi төмен отбасыларға ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) қажет болған кезде әлеуметтiк бейiмдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетiледi.

Отбасын белсендiрудiң әлеуметтiк келiсiмшарты отбасы атынан әрекет ететiн кәмелетке толған жеке тұлғамен уәкiлеттi орган арасындағы келiсiмдi бiлдiредi, оған сәйкес уәкiлеттi орган күнкөрiсi төмен отбасыға шартты ақшалай көмек көрсетуге, күнкөрiсi төмен отбасыға көмек көрсетудiң жеке жоспарын орындауға мiндеттенедi.

Әлеуметтiк келiсiмшарттарда көрсетiлетiн әлеуметтiк қызметтердiң сипаты мен түрлерi әлеуметтiк бейiмдеудiң мынадай шараларын қамтиды:

  1. табысы төмен отбасылардың жұмысқа тұруына кедергi болатын мәселелердi шешу, олар балабақшаларға қолжетiмдiлiк, заң тұрғысынан көмек және психологиялық қолдау, ақпараттандыру, аураулардың алдын алу;
  2. «Нәтижелi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту» мемлекеттiк бағдарламасында көзделген шаралар негiзiнде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу;
  3. табысы төмен жұмыс орындарында жұмыс iстейтiн адамдардың өнiмдiлiгiн арттыруға жәрдемдесу: бiлiктiлiктi арттыру және қайта даярлау, отбасылық мiндеттер мен қоғамдық өндiрiстi байланыстыру.

Әлеуметтiк келiсiмшарт жүйесiн пайдалана отырып шартты атаулы әлеуметтiк көмек көрсету отбасының нақты жағдайы және өмiрлiк қиын жағдайлардан өту әлеуетiне тәуелдi. Ұсынылған бағдарламаның шет елдерде iске асыру тәжiрибесiн ескере отырып, мерзiмдi созу мүмкiндiгiмен 6 айға көмек ұсынылады.

Жүйеге қатысушылар, жұмыс орнын табу мүмкiндiктерiн арттыру үшiн оларға берiлген барлық жағдайларды тиiмдi қолдана отырып, өзiне ұнамды нұсқаның пайда болуына дейiн, қоғамдық және басқа да жұмыстарға ат салысу керек. Әлеуметтiк келiсiмшарт талаптары отбасы iшiндегi жағдайда таралады (мысалы:баланың бiлiм алуы, мiнез-құлқы, денсаулығы және т.б.).

Қатысушылар өздерiнiң мiндеттерiн орындамаған жағдайда, көмек ақы берiлу тоқтатылып, шаралар мерзiмiнiң шектелiп және бағалануының төмендеуiне әкелiп соғады.

Әлеуметтiк келiсiмшарттың бұзылуы

Шартты ақшалай көмектi алушылармен әлеуметтiк келiсiмшарт:

  1. аз қамтылған адаммен (отбасымен) әлеуметтiк келiсiмшарттың шарттарын және жеке жоспар iс-шараларын толық көлемде орындамаған жағдайда;
  2. шартты ақшалай көмектi заңсыз тағайындауға әкеп соқтырған дәйексiз мәлiметтер ұсынған жағдайда бұзылады.

Әлеуметтiк келiсiмшартты бұзу отбасының еңбекке қабiлеттi мүшелерiне төленетiн шартты ақшалай көмектi тоқтатуға негiз болады.

Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтiк көмек қандай кезеңге тағайындалады?

Атаулы әлеуметтiк көмектiң тағайындалу кезеңi төлем түрiне байланысты — шартсыз немесе шартты.

Шартсыз ақшалай көмек ағымдағы тоқсанға (3 ай) тағайындалады және ай сайын төленедi.

Шартты ақшалай көмек жүгiнген айдан бастап әлеуметтiк келiсiмшарт қолданылған кезеңге тағайындалады және әлеуметтiк келiсiмшартта көрсетiлген уақытта ай сайын немесе бiр рет төленедi.

Шартты ақшалай көмектi тағайындау кезiнде оны отбасы мүшелерiнiң әлеуметтiк бейiмделуiн ұзарту қажет болған және (немесе) еңбекке жарамсыз отбасы мүшесiнiң кәсiптiк оқуын аяқтамаған және (немесе) жастар практикасын өтiп жүрген және (немесе) әлеуметтiк жұмыс орындарында жұмыс iстеген жағдайларда алты айға дейiн ұзарту мүмкiндiгi бар.

Ассистенттер мен консультанттардың негiзгi функциялары

Бүгiнгi күнi Халықты жұмыспен қамту орталықтары атынан әлеуметтiк жұмыс жөнiндегi ассистенттер мен консультанттар өмiрлiк қиын жағдайда жүрген адамдарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтiк қызмет көрсету және ақшалай төлемдер ұсыну мәселерi бойынша, кешендi қолдау көрсетедi.

Ассистент — отбасын қолдау бойынша, әлеуметтiк жұмыс жөнiндегi консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiне консультанциялар, әңгiмелесулер, сондай-ақ әлеуметтiк келiсiм-шарт бойынша мiндеттемелердiң орындалуына мониторин жүргiзу бойынша қызметтердi атқаратын жұмыспен қамту орталығының жұмыскерi.

Әлеуметтiк жұмыс жөнiндегi консультант — атаулы әлеуметтiк көмек тағайындауға және күнкөрiсi төмен адамның (отбасының) кедейлiк шегiнде болуына себеп болатын жағдайлардан шығуына жәрдемдесудi жүзеге асыратын халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыскерi.

Учаскелiк, аудандық және аумақтық комиссияның негiзгi функциялары

Учаскелiк комиссия — атаулы әлеуметтiк көмек алуға өтiнiш бiлдiрген адамдардың (отбасылардың) материялдық жағдайына тексеру жүргiзу үшiн тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер әкiмдерiнiң шешiмiмен құрылатын арнайы комиссия.

Өтiнiш берушiнiң және (немесе) оның отбасы мүшелерiнiң орталықтың құзiретiне кiрмейтiн жұмыспен қамту және (немесе) әлеуметтiк бейiмдеу шараларына, сондай-ақ әлеуметтiк келiсiмшартты ұзартуға қажеттiлiк болған жағдайда аудандық (қалалық) немесе өңiрлiк комиссияға өтiнiш бередi.

Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi аудандық (қалалық) комиссия — аудан, қала, облыстық және республикалық маңызы бар қалалар, астана аумағында халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында құрылған халықты жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi комиссия;

Халықты жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi өңiрлiк комиссия — облыс (астана, республикалық маңызы бар қала) аумағындағы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру мақсатында құрылған халықты жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi комиссия.